Сайт создан на конструкторе asia.kz.   Создайте и Вы себе сайт бесплатно!

Байланыстар: Тел.: +77776290093   Email: muratuskenbaev@mail.ru

Объявление от Asia.kz:
Картриджи, тонер, принтеры, расходные материалы

Картриджи, тонер, принтеры, расходные материалы по низким ценам

 
 
Погода в Казахстане
 
Реклама:
Конструктор сайтов Asia.kz
Конструктор сайтов Asia.kz
 
Реклама от Asia.kz:
Создайте себе сайт-визитку бесплатно!  

Конструктор сайтов и интернет - магазинов в казахстане
 

asia.kz/create/shop/  
 
 
 

Мұғалімдер шығармашылығы

АТА-АНА МЕН ҰСТАЗДЫҢ БАЛАНЫҢ БІЛІМІН КӨТЕРУДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

 Аликулова Сагира Елеубаевна, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Білім беру нәтижесін көрсету деңгейінің бірі – функционалдық сауаттылық, ол тұлғаның білім, білік және дағдылар негізінде әлеуметтік қатынастар жүйесінде қалыпты қызмет ету, нақты мәдени ортаға барынша жылдам бейімделу қабілеті ретінде анықталады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтарындағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Білім жүйесі тек білім ғана емес, сонымен қатар, оны әлеуметтік бейімделуде қолдану білігін беруі тиіс», − деп атап көрсетілген.[3] Осыған орай, Мемлекет басшысы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын одан ары дамыту қажеттілігін атап өтті.

Оқушылардың білімін дамыту процесін мазмұндық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» қамтиды. [1]

  Оқушылардың білім деңгейін қалыптастырудағы мектеп және отбасы өзара іс-әрекетінің Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының тәжірибесі

«Білім туралы» Заң отбасын балалардың дер кезінде білім мен кәсіби дайындық алу, балаларды адамгершілікке тәрбиелеу, еңбекке дағдыландыру, қоғамдық мүлікке ұқыптылықпен қарау, баланың денсаулығы мен оның дене күшін толыққанды дамыту туралы ерекше қамқорлық жасау үшін қажет жағдай жасауына міндеттейді.

Отбасы тәрбиесі, кең мағынада – балаларды әлеуметтендіру мен тәрбиелеудің бастапқы түрі, бұл процестің барысында тұлға дамиды және қалыптасады.

Мектеп және отбасының өзара іс-әрекеті нәтижесінде екі жақ та дамиды. Өзара тану, өзара түсінісу, өзара ықпал ету – өзара іс-әрекеттің негізгі көріністері мен сипаттамалары болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, өзара ықпал етудің ынтымақтастық түрі ең тиімді болып саналады.

Мектеп және отбасының ынтымақтастығы келесі жағдайлармен үйлестіріледі:

− тәрбиенің біртұтас субъектісімен;

− бала тәрбиесінің ортақ мақсаттары және міндеттерімен;

− педагогтар және ата- аналар іс- әрекетінің келісілген қажеттілігімен;

− бала проблемасын шешуде мектеп және отбасының күш салуын біріктіру мүмкіндігімен;

− отбасылардың, сынып және мектеп ұжымдарының, өзара іс-әрекетке қатысушыларының әрқайсын өзара толықтыру мүмкіндігімен.

Педагогтар мен ата-аналар одағын құруда маңызды рөл педагогтарға (мектеп директоры, директордың орынбасары, сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог) тиесілі.

Білім беру ұйымдарында мектептің отбасымен жұмысын көрсететін түрлі бағдарламалар (кешенді «Тәрбие» бағдарламасы, мектептің өзге де әлеуметтік институттармен өзара әрекеттесу бағдарламасы, «Құқықтық тәрбие», «Салауатты өмір салты» бағдарламасы, тұлғаға-бағдарлай оқыту үлгісі және т.б. ) әзірленген және нәтижелі жұмыс жасауда.

Мектептердің оң тәжірибелерін ескере отыра, отбасында тәрбиелеу процесін жақсарту, балалар құқығын қорғауды күшейту, қоғамдағы жат құбылыстардың отбасына тигізер теріс ықпалын азайту көзделген жаңа мақсаттар мен міндеттер белгіленуде.

Республика мектептерінде мектеп және отбасы ынтымақтастығының оң тәжірибесі жинақталған. Білім беру ұйымдарында оқушылардың ата-аналарымен ынтымақтастықтың, оларды балалармен бірге орындалатын шығармашылық және әлеуметтік маңызды іс-әрекетке тартудың түрлі формалары қолданылады. Көптеген ата-аналар мектеп өміріне белсенді түрде қатысады.

Педагогтар мен отбасының өзара іс-әрекеті – мақсатты көздеген процесс, нәтижесінде баланың білім деңгейін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай тудырады. Бұл іс-әрекет деңгейі неғұрлым биік болса, бала тәрбиесіндегі мәселе де соғұрлым табысты шешімін табады.

Педагогтар мен отбасы арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты қалыптастыру – ұзақ процесс, оның нәтижелігі бұл қатынастар негізіне қандай принциптер қаланғанына байланысты. Отбасымен өзара іс-әрекет процесінде білім беру ұйымы келесі принциптерге сүйенеді:

     педагогикалық процеске қатысушылардың барлығы үшін субъектілі көзқарасты қамтамасыз ету;

     мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары үшін бірлескен шығармашылық іс-шаралар ұйымдастыру;

     отбасымен өзара іс-әрекетте адамгершілік бағытты ұстану;

     бала тәрбиесі мен дамытуына бағытталған педагогикалық процеске қатысушылардың мақсаттары, міндеттері мен әдістерін кіріктіру және саралау.

Мысал ретінде Мектепте мәселен,  сынып жетекшілері үшін ынтымақтастықты ұйымдастырудың «Отбасы және мектеп – біртұтас білім кеңістігі» бағдарламасы дайындалған.  іс-шаралар жоспары шеңберінде  оқушылар арасында өткізілген «Менің отбасымдағы дәстүрлер» тақырыбындағы апталықты атауға болады.

Апталық келесі міндеттерді шешуге бағытталды:

     отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды дәріптеу, әулеттің үлкендерін құрметтеуге тәрбиелеу арқылы оқушылардың білім деңгейін қалыптастыру;

     балалардың рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі отбасының рөлін арттыру;

     балаларды отбасы шығармашылығы, нақты отбасының ел тарихына қатыстылығын зерттеу арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Бұл бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді: мектептің беделін тәрбие жүйесі ретінде, ең алдымен, ата-аналар, оқушылар және қызметкерлер алдында көтеру; мектептегі ортаны тәрбие жүйесінің кіріктірілген құрылымдық-мазмұндық компоненттерінің көптүрлі мазмұнымен қамтамасыз ету; мектеп ұжымындағы әлеуметтік- психологиялық ахуалдың жақсаруына ықпал ету; әлеуметтік және серіктестік байланыстарды дамыту.

     Оқушылардың білім деңгейін көтерудегі отбасы және мектептің өзара әрекеттесу түрлері

       Өскелең ұрпақтың білім деңгейін қалыптастыруды тәрбиелеу процесінде отбасы мен мектептің ынтымақтастығына үлкен рөл бөлінеді. Отбасы мектепке оқушылардың іс әрекетін ұйымдастыруында «Білім туралы» Заңды ойдағыдай жүзеге асыруына көмек көрсетеді. Алайда ата-аналардың педагогика негіздерін нашар білуі қазіргі кезеңде әлеуметтік тәрбиелеу мен мектепке бейімдеу ісіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан дәл қазір отбасы мен мектептің өзара әрекетін нығайту, бала тәрбиесіндегі әкелер мен аналардың жауапкершіліктерін арттыру қажет. Және бұл шараны мектеп ұйымдастыруы тиіс. Осыған орай бұл істі ұйымдастыруда мектеп мұғалімі, психологы, әлеуметтік педагог жұмысының маңызы артады, көптеген маңызды мәселелер мен сұрақтардың шешімі осыған байланысты.

Тікелей балалармен жұмыс жасайтын әлеуметтік педагог, өзінің кәсіби қызметіне орай, отбасын нығайту ісіне өзіндік үлесін қосуы керек. Мектепте отбасы мен сынып жетекшісінің бірлескен жұмысын ұйымдастыра отыра, ол соңғы нәтижеге – әр баланың барынша тұлға ретінде дамуын қамтамасыз етуге ұмтылады. Әлеуметтік педагог бүгінгі күні отбасын тұлғаның балалық шағындағы даму жағдаятын анықтайтын әлеуметтік орта ретінде қарастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік педагог қазіргі кезеңде қандай да бір проблеманың мәнін белгілеуде, жөнсіздіктің себебін анықтауда қиындықтар көреді.

Сынып жетекшісі деген арнайы мамандық болмағандықтан, сыныпқа жетекшілік жасау міндетін оқу жүктемесі бар пән мұғалімдері атқарады, ал, кейбіреуі жарым-жартылай орындайтыны да жасырын емес. Сол себепті, әлеуметтік педагог мұғалім, отбасы мен баланың өзара әрекетін ұйымдастыру бойынша білім беру мекемелерінде ата аналардың тәрбие процесіндегі белсенділігін арттыруда қажет өзекті формалары мен әдістерін ашуда олармен жұмыс жүргізеді.

Отбасымен, оқушылардың ата-аналарымен байланыс орнату – барлығының бастауы. Отбасына «ену» қажет қана емес, сонымен қатар, ата-аналардың барлық арман-тілегінің басты шарты – өз баласының тәлімгері бойынан ең алдымен, өзіндегі қымбатты сеніп тапсыруға болатын Адамды көргісі келетіні.

Педагогтардың ата-аналармен қатынасындағы қағидалар:

– ақыл үйретпей, кеңес беру керек. Бірлескен іс-әрекеттер туралы бірге ойласу, кеңесу;

– ата-аналармен қарым-қатынас жасай отыра, олар бізге қажет, біздің одақтасымыз, олардың көмегі мен кеңесіне мұқтаж екенімізді көрсету;

– ата-аналық сүйіспеншілік пен құрметке үндеу;

– балаларды сипаттай отыра, ең алдымен бала туралы жақсыны ғана айту қажет;

 – ата-аналардың тұлғасына, олардың еңбектегі жетістіктеріне жоғары құрмет көрсету;

– ынтымақтастық, ортақ шығармашылық.

Оқушылардың білім деңгейін қалыптастырудағы іс- әрекеттің негізгі басым бағыттары: отбасына практикалық көмек және педагогикалық қолдау көрсету; ата-аналарды отбасы тәрбиесі мәселесі бойынша оқыту, бала тәрбиесіндегі оң тәжірибемен таныстыру; отбасындағы сәтсіздіктің себептерін, отбасындағы балаға деген қарым-қатынасты зерттеу; қамқоршы, қабылдайтын отбасыларын және т.б. құру бойынша ақпарат тарату, көмек көрсету.

Бұл үшін қажет:

Тиімді технологиялар: балалар мен ата-аналардың тұтынушылық- құндылық аясы туралы деректер банкін құру, топтық кеңестер жүйесі, мақсатты конференциялар, іскерлік ойындар, баспасөз-конференциялары, бейнежазбалар талдауы, отбасыішілік қатынасты ұйымдастыру.

Ерекше жағдайлар мен ерекшеліктер: ата-аналардың, мектепке дейінгі мекемелерінің тәрбиешілері, әлеуметтік педагогтары, практикалық психологтары, мектеп және басқа оқу орындары педагогтарының, қоғамдық-мемлекеттік мекемелері мен социум қызметінің күшін біріктіру.

Аса маңызды мәселе – мектеп және отбасы тәрбиесін, білім алушылар тәрбиелілігін және функционалдық сауаттылығын диагностикалау. Бұл мәселелер бойынша диагностика бірнеше қызмет атқарады:

     белгілеуші (ақпараттық);

     болжамдаушы (мектеп-отбасы өзара әрекеттесуінің дамуын болжау);

     құндылыққа-бағдарланған (бағалаушы);

     дамытушы (тәрбиелік).

Оқушылардың тәрбиелілігін және білім деңгейін диагностикалау әдістері: бақылау; сауалнама жүргізу; тест өткізу; тәрбиеленушімен әңгіме; педагогтармен әңгіме; ата-аналармен әңгіме; қызмет нәтижелері мен өнімдерін талдау; социометриялық әдістер; аяқталмаған тезис; педагогикалық консилиум.

Оқушылардың білім деңгейін қалыптастырудағы мектеп және отбасының өзара іс-әрекеті түрлері туралы талдау жүргізуде қолдануға болатын сауалнамалар үлгісі А және Ә қосымшаларында берілген.

Диагностика нәтижелеріне дұрыс талдау жасау маңызды. Оларды белгілеу формаларына: кестелер, диаграммалар құрастыру; сипаттамалар құрастыру; диагностикалық карталар, күнделіктер жүргізу жатады.

Еліміздің білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың сауаттылығын қалыптастырудағы мектеп және отбасы өзара іс-әрекеттерінің тиімді де нәтижелі сан қырлы түрлері қолданылады.

Оқушылардың  білім деңгейін мектептің отбасымен өзара іс-әрекеттерінің түрлері:

Ата-аналар жиналысы. Бірлескен әрекеттерді, педагогикалық көзқарастарды келісу, проблемалар туралы бірін бірі хабардар ету, қол жеткізген нәтижелерді талдау.

Педагогикалық практикум. Шынайы тәрбие жағдаяттары арқылы ата-аналар мен педагогтардың тәжірибелерін пайымдау, тәрбие әрекетіндегі олардың білім, біліктерін келісу.

Отбасыларына бару. «Отбасы» рейдін ұйымдастыру. Баланы және ата-ананы отбасы жағдайында зерттеу, отбасы ахуалымен танысу. Қажет болған жағдайда құзыретті мекемелерге ақпарат жеткізу (ата-аналар комитетіне, құқық бұзушылықтың алдын алу кеңесіне, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясына, немесе инспекциясына).

Психологиялық-педагогикалық кеңестер. Отбасыларға проблемалық жағдаяттан шығар жол іздеуде көмек көрсету, ата-аналардың психологиялық мәдениетін көтеру, жауапкершілігін арттыру және оның әлемді шығармашылықпен меңгеруге даярлығын қалыптастыру.

«Сенім телефоны» қызметі. Телефон арқылы шұғыл, кәсіби, құпия көмек. Абоненттерге дағдарыс жағдайынан шығуы үшін шығармашылық, тұлғалық, рухани және дене бітімі жағынан дамытудағы көмек.

Психологиялық-педагогикалық консилиум. Бала дамуы, оның мінез-құлқын түзету проблемаларын шешу бағдарламасын әзірлеуде ұсыныстар, көзқарастар мен іс-әрекеттерді келісу мақсатында бала тұлғасының ерекшеліктерін бірлесе отырып талқылау.

Дөңгелек үстел. Өзара түсіністікке, бір немесе бірнеше проблема бойынша педагогикалық келісімге қол жеткізу (қатынастың дискуссиялық түрі).

Тәжірибе алмасу. Нақты тәрбие мәселесін талқылау.

Ата-аналар хабаршысы. Мектеп оқушыларының даму, оқу, отбасы тәрбиесі мәселелерін баяндау.

Ашық есік күні. Танысу, тәжірибе алмасу, ата-аналарды мектептегі оқу- тәрбие процесіне қатыстыру.

Ата-аналар комитеті. Ата-аналарды мектептің оқу-тәрбие, мәдени-көпшілік және шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру проблемасын шешуге қатыстыру.

Ата-аналар конференциясымен толық оқу жылына сайланған білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі, ата-аналар комитеті және әкелер кеңесімен өзара іс-әрекет жұмыстың ерекше де басты түрі болып табылады

Ата-аналар активі – бұл педагогтардың тірегі, өзара дұрыс іс-әрекетте олардың ойының жолбасшысы болады.

Жұмыстың топтық түрінен біз ең тиімдісі деп ата-аналар жиналысын атай аламыз. Әр ата-аналар жиналысы мұқият дайындалады, ол қызықты да, ата-аналардың белсенді қатысуы жағдайында өтуі үшін арнайы «сценарий» әзірленеді.

Оқушылардың білім деңгейін қалыптастырудағы мектептің отбасымен өзара іс-әрекеттерінің жоғарыда аталған түрлері:

     педагогтарға, оқушылар мен ата-аналарға бірін бірі жақсы білуіне;

– отбасылардың бала тәрбиелеудегі мүмкіндіктерін анықтауға;

     педагогтық ұжым мен ата-аналардың өзара іс-әрекетінің міндеттерін анықтауға;

     ата-аналардың педагогикалық көзқарастарын түзуге;

     ата-аналардың педагогикалық оқытуын ұйымдастыруға;

     оқушылардың ата-аналарын оқыту-тәрбиелеу процесіне қатыстыруға;

     мектептегі өзін-өзі басқару органдарының жұмысына оқушылардың ата-аналарын қатыстыруға;

                 оқушылардың сапалы білімін қамтамасыз етуде, балалардың саналы түрде кәсіп таңдауында кәсіби мүддемен даярлығын дамытуда, адамгершілік және мәдени мінез-құлқын, салауатты өмір салты қажеттілігін тәрбиелеуде, мектеп оқушыларын отбасылық өмірге дайындауда педагогтар мен ата- аналардың бірдей көзқарасын қалыптастыруда;

     оқушыларды тәрбиелеу процесінде, біртұтас педагогикалық көзқарас негізінде мектеп және отбасының өзара іс-әрекетін ұйымдастыруда педагогтар мен ата-аналардың шынайы ынтымақтастығын құруға көмектеседі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев әйелдер қоғамының өкілдерімен кездесуінде: «бізге ойшыл, жауапты, елін сүйетін азаматтар қажет. Мұның барлығы тек тәрбиемен беріледі... Тәрбие беру ісінде мектеп ата-ана жауапкершілігі жөнінде айтады, ата-ана мектепке сілтейді. Дұрысында, тәрбие үшін барлық жауапкершілік жүгі отбасына да, мектепке те жүктелуге тиіс. Мұғалімнің рөлін білімді тек қана «таратушы» деңгейіне түсіруге болмайды. Бізге мүлде басқа педагогика керек», − деп атап көрсетті.

Мектептің тәрбиелік әлеуетін күшейту, әрбір білім алушының дара психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуін қамтамасыз ету – заманауи мектептің жетекші басымдықтары ретінде көрсетілген. Патриоттық, мораль және адамгершілік нормалары, ұлтаралық келісім және толеранттылық, дене бітімі және рухани даму, заң сыйлаушылық сияқты құндылықтар, меншік түріне байланыссыз, барлық білім беру мекемелері қалыптастыруы тиіс.

 Әдебиеттер тізімі

 1.         Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары: / Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 қаулысы // ресми мәтін. Астана: Әділет, 2012. – 14 б.

2.         Назарбаев, Н. Ә.: Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам / Н.Ә. Назарбаев // Егемен Қазақстан. – 2012. – 10 шілде.

 3. Назарбаев, Н. Ә. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы / Н.Ә. Назарбаев // Егемен Қазақстан. – 2012. – 28 қаңтар.

4. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы / Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығы // ресми мәтін. – Астана, 2012. – 114 б.

5. Крупник, С.А. Функциональная грамотность / С.А. Крупник,
В.В. Мацкевич. - М.: Педагогика, 2010.

6. Сметанникова, Н. Н. Грамотность. Единственное или множественное число? / Н.Н. Сметанникова. - М.: Баласс, 2002.

7. Леонтьев, А.А. От психологии чтения к психологии обучения/
А.А. Леонтьев. - М.: УМЦ «Школа 2100», 2011.

 8. Байтажикова, К.А. Материалы августовской конференции/
К.А. Байтажикова. Научно-практический центр «Дарын» МОН РК – /
10-12 августа, 2012.
//Электронный ресурс. – Режим доступа: http://daryn.kz.

 

«ОҚУ МЕН ЖАЗУ АРҚЫЛЫ СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУ» БАҒДАРЛАМАСЫ НЕГІЗІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУ

 

Жотабаева Гульнар Мухановна, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 «Сөйле тілі-  адамның мәдениетінің ,ақыл-ойының, даму деңгейінің маңызды көрсеткіштерінің бірі»

 С. Жиенбайұлы

         Мемлекеттік тіл- тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған, болашаққа бет  алған ұлы көшіміз. Мемлекеттік тіл мемлекеттік іргенсін қалауға да, қабырғасын тұрғызуға да, күмбезін көтеруге де мүмкіндік беретін жалғыз құрал.

  Табиғаттағы тіршілік атаулының өсіп-өнуі көзі-оның тамыры, адам баласының санасының даму көзі – оның тілі. Тамырсыз өсімдік көктемейді, ана тілінсіз ұрпақ жетілмейді.Ана тілінің уызына қанбаған, оның мөлдір бұлағынан нәр алмаған ұрпақтың бойынан имандылықтың, қайырымдылықтың, ізгіліктің нышанданрын табу мүмкін емес. 

     Ал олай болса, мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілі қазіргі таңда өмір қажеттілігін өтейтін қоғамдық қарым-қатынас құралы болғандықтан, оқытушы-ұстаздардың міндеті- өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізе білуге, күнделікті тұрмыста қолдана білуге, айнадағыларымен қарым-қатынас жасай білуге үйрету. Кез келген Қазақстандық азаматтың өз деңгейінде тілді меңгеруі алдағы өмірде маңызы зор екенін  және мемлекеттік тілдің кең өріс алып отырғанын ұғындыру. Қазақ тілі-қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмысын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тарихын білуге жол ашады.

    Қазақ тілі – оқушыға ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім бере алатын пәндердің бірі.

Сондықтан тілді үйрету, оны күнделікті тұрмысты қолдана білуге баулу, мемлекеттік тілді сауатты меңгерту, осы тілді қарым-қатынас тіліне айналдыру, бүгінгі ұстаздардың алдында тұрған ең өзекті мәселердің бірі деп ойлаймын.

  Тіл мәселесі өте нәзік екендігі, оны зорлықпен емес тек қана шынайы ынталықпен, зорлықсыз сыйластық қажеттілікті өтеу мақсатында үйретілуі тиіс.

 Осы тұрғыда тек қана иландыру мақсатында үйрету үшін оқушылардың белсенділігін арттыруды, оқушылардың қызығушылығын арттыруды мақсат еттім.Көп теориялық ізденісте жүріп, жалпы осы белсенділік деген не деген сұрақ туындады.

Белсенділік деп адамның іс-әрекеті үстіндегі жағдайын айтады. Тіршілік және іс-әрекеттері барысында адамның қарым-қатынас жасау, таным және өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі дамиды.

Бала белсенділігінің ең алғашқы формасының бірі қарым-қатынас жасау белсенділігі. Бұл адамның бүкіл өмірінде дамитын белсенділік. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес басқа адамдар мен қарым-қатынас жасау белсенділігінің мазмұны өзгеріп отырады. Мектеп жасына дейінгі балалар ересек адамдардың әрекеттеріне үңіле қарап, үйренеді, оларға еліктейді. Балалардың саналы түрде істейтін мұндай әрекеттерін ырықты немесе ерікті белсенділік дейді. Бұл жастағы балалардың үлкендердің әрекеттеріне және олармен өзара қатынас жасауға еліктеу рөлді ойындарды атқару барысында байқалады. Көбінесе балардың ойындарда адамдардың іс-әрекеттері, тұрмысы, өзара қатынасы қамтылып көрсетіледі, ұжымдық өмір дағдылары қалыптаса бастайды. Ойын барысында балалардың құрдастарымен де өзара қатынасы өзгереді. Олар басқа балалармен ойнауға тілек білдіреді, еңбекке байланысты тапсырмаларды бірігіп, орындауға, өз қылықтарын ережеге бағындыруға, керексіз әдеттерді тежеуге, кедергіні ығыстыруға үйренеді.

Әр түрлі ойын баланың дүниетенымын кеңейтіп, қарым-қатынас жасау белсенділігін дамытады.

Баланың даму барысында таным белсенділігі артады. Балалардың бір нәрсені құмартып, білуге талаптануын таным ынтасы дейді. Балалар өте байқағыш, әр нәрсеге үңіле қарайды, кейде терең ойға шомылады.

Жеке адамның санасының қалыптасу барысында өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі ерекше орын алады. Бала даму барысында өзін-өзі жетілдіру мақсатын көздей талаптанып әр түрлі әрекет жасайды.

Оқушылардың өзі-өзі тәрбиелеу ісін жетілдіру үшін олардың жас және дербес ерекшеліктерін еске алып, оқу тәрбие жұмысының барысында сана сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету – мұғалімнің басты міндеті.

Кеңес педагогикасында адамның қоғамдық-саяси белсенділігі күрделі моральдық-еріктік сана ретінде қаралады. Онда қоғамдық жұмысқа деген ынтасы, тапсырманы орындаудағы жауапкершілігі, орындаушылығы мен инициативтілігі, өзіне және жолдастарына талап қойғыштығы, қоғамдық тапсырмаларды орындаған кезде басқаларға көмектесуге әзір тұруы, ұйымдастырушылық іскерлігінің болуы осылардың барлығы бірінен-бірі ажырамастай ұштасып жатады.

Осы көрсеткіштердің әрқайсысы оқушының қоғамдық іс-әрекетке қатынасын және оның белсенділік дәрежесін сипаттайды. Кейбір жеке оқушыларда бұл көрсеткіштердің көрінуі түрліше болуы мүмкін және жас ерекшеліктеріне, сондай-ақ мектеп оқушыларының жеке бас тәжірибелеріне және белсенділік дәрежесіне байланысты. Коллективте қоғамдық жұмысқа деген ынтасы тұрақты дамыған оқушыны әрқашан да кездестіруге болады, олар мұғалімнің айтуынсыз-ақ оған кірісіп кете береді, өйткені олай істемей тұра алмайды. Бірақ мұғалім алдында, жолдастары алдында өздерін мадақтау мақсатында тек өздері үшін ең қызықты нәрселерді ғана жасайтындар да аз кездеспейді.

Тапсырманы орындау үстінде бір оқушы өзі жауапты бола тұрып, тапсырма орындауға басқаларды да мәжбүр етуі мүмкін, екіншісі өзі ұқыпты орындайды, бірақ жолдастары туралы ойламайды, ал үшіншісі өзгелерді бар ынтасымен құмарландырады, бірақ өзі еш нәрсе істемейді. Бұл қоғамдық белсенділіктің түрлі компоненттердің дамуындағы теңсіздіктерді тәрбиелеудің нақтылы процесінде ескеріп отыру, сөйтіп, осы арқылы кейбір оқушыда нашар, немесе мүлдем дамымаған жақтарына ықпал жасау керек.

 

Белсенділіктің өзіне және жеке тұлғаның қоршаған ортамен тәрбиелік (сыртқы) әсерлерге қатысты ішкі ұстанымдарына байланысты ол әр түрлі бағыттарда қалыптасуы мүмкін. Егер оқушының осы әсерлерге деген көзқарасы теріс болса, ол тәрбиешісі қалағанынан қайшы бағытта дамиды. Мысалы, мұғалім оқушылардың білімін тексеру кезінде оқушының бағасын төмендетіп қояды да, оқушы оған ренжіп қалады. Мұндай жағдайда мұғалімнің үлгерімді жақсартуға шақырған әрбір сөзі оқушыда жасырын, кейде тіптен ашық қарсы әрекет тудырады.

Осының нәтижесінде, жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуында көрініс табатын барлық әсерлер мен ықпалдар екі топқа - ішкі және сыртқы болып бөлінетін болды. Қоршаған ортаның әсері мен тәрбие жеке тұлғаның дамуының сыртқы факторларына жатады. Табиғи әсерлер – бейімділік пен әуестік, сонымен қатар, адамның сезімдері мен күйзелістері, оның сыртқы әсерлердің ықпалымен пайда болатын сылтаулары мен қажеттіліктері – барлығы ішкі факторларға жатады. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы осы екі фактордың өзара байланысының нәтижесі болып табылады.

Қарым–қатынас белсенділігі жеке тұлғаның ең маңызды жақтарының дамуына жағдай жасайды, олар – адамгершілік, қайырымдылық, қамқорлық, өз өзі үшін, адамдар алдындағы өз істері үшін жауапкершілігі.

Осы ізденген ізденісімнің нәтижесі-оқушылардың оқу белсенділігін қалыптастырудың бір көзі – сабақта жаңа технологиялар қолдану арқылы түрлендіріп өткізу. Көптеген инновациялар арасында оқушылардың оқу белсенділігін қалыптастыруға аса қолайлы технология – Сын тұрғысынан ойлау жобасы. Сын тұрғысынан ойлау – ашық қоғам негізі. Ол - өз алдына сұрақтар қойып және үнемі оларға жауап іздеу, әр мәселеге байланысты өз пікірін айтып, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді. Бұл оқыту «қарапайымнан күрделіге» деп аталады.

Бағдарлама құрылымы үш деңгейден тұрады:

 

 
 
 
Пожаловаться на сайт